Жапония, Еуроодақ және АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалауға шақырды

Қытай мен Ресей оған қарсы шықты


25/04/2023
11:41 18794 0

Фото: Ашық дереккөзден

АҚШ, Ұлыбритания, Жапония және Еуропа одағының бірнеше елі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалауға үндеді. Дүйсенбіде Нью-Йоркте өткен отырысқа Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров төрағалық еткен.

Отырысты ашқан Лавров әлем баяғы Қырғиқабақ соғыс кезіндегідей қауіпті кезеңге таяғанын мәлімдеп, БҰҰ-да Батыс елдерінің өкілдері тым көп, өзге аймақтардың өкілдері тым аз екенін айтты. Лавровтың ойынша, бұл барлық аймаққа тең қарайтын халықаралық қатынас ұстанымдарына қайшы келеді.

Лавров Ресейдің Украинаға шабуылы үшін жауапкершілікті АҚШ пен оның одақтастары арқалауға тиіс деп мәлімдеген. Оның сөзінше, Ресей әскерінің мақсаты «адамдарды Киев режимінен қорғау, НАТО қаупін жою».

Лавровтың айтуына қарағанда, «БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысына келуге тиіс Ресей журналистеріне кедергі жасалған. АҚШ елшілігі БАҚ өкілдеріне виза беруге дайын екенін ұшақ ұшып кеткен соң айтқан».

Қауіпсіздік кеңесіндегі АҚШ-тың өкілі Линда Томас-Гринфилд бұл айда төрағалық еткен Ресей Украинаға басқыншылық жасап, астық келісімін тоқтатып, стратегиялық шабуыл қарулары туралы келісімнен бас тартып, БҰҰ жарғысын өрескел бұзып отырғанын мәлімдеді.

Томас-Гринфилд тыңшылық еті деген айыппен Ресейде қамауда отырған Америка азаматтары Пол Уилан мен журналист Эван Гершкович туралы да айтып, оларды дереу босату керек деді.

АҚШ өкілі БҰҰ сенім тұрғысынан дағдарыс жағдайында деп есептейді. «Өзге елге агрессия жасап, жерін басып алу халықаралық құқыққа сай емес» деді ол.

Томас-Гринфилд БҰҰ-ны реформалауға үндеді. Онымен Ұлыбритания мен Франция өкілдері келісті.

– Ресей басқыншылығынан украиндер аса ауыр қайғы-қасіретке душар болды, Ресейдің өзіне де апат болды. Ресейдің бір буыны болашағынан айырылды, ал билігі не үшін жасап жатқанын түсіндірмейді де, – деді Ұлыбритания өкілі Барбара Вудворд.

Франция өкілі Николя де Ривьер Ресей бұрын да халықаралық құқыққа қайшы әркет жасап келді деді. Мысал ретінде 2008 жылы Ресей әскері Грузияға кіргенін, 2014 жылдан бері Донбасстағы сепаратистерді қолдап, Иранға салынған қару-жарақ эмбаргосын бұзып келгенін айтты.

Ривьер Франция мен Мексика Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері жаппай қырғын мәселесін талқылағанда вето қоя алмайтындай болуға тиіс деген ұсыныс жасағанын айтты.

Жапония өкілі Исикане Кимихиро да вето қою арқылы Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімін тежеп отыр деп айыптап, реформаны қолдады.

Еуропа одағының БҰҰ-дағы делегациясының басшысы Олаф Скуг «Ресей өзін БҰҰ жарғысы мен мультилатерализмді қорғаушы ретінде көрсеткісі келеді. Бұдан асқан өтірік болмайды. Өте жиіркенішті» депмәлімдеді.  

Қытай өкілі Чжан Цзюнь Қауіпсіздік кеңесін реформалау мәселесіне келіспеді. Оның сөзінше, «жарғыны реформалағаннан гөрі әркім өзінен бастап, өзін дұрыстағаны дұрыс»«Кейбір елдер өзінің ұстанымын халықаралық қауымдастыққа таңғысы келеді» десе де, қай елді меңзегенін атап айтқан жоқ. Ол АҚШ пен өзге де елдерді біржақты санкция салудан, яғни «заңсыз әрекеттен» бас тартуға шақырды.

Ресей биыл сәуірде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болды. Ұйымға мүше 15 ел ай сайын кезекпен төрағалық етеді. Ресей соңғы рет 2022 жылы ақпанда төраға болған.

 

Поделиться

Нет комментариев.

25/04/2023 11:41
18794 0

Уведомление